қазақша english русский
Жаңалықтар

Бас директор Италияда оқып келген мамандарды қабылдады

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының 12 инженер маманы кәсіби біліктіліктерін жетілдіру мақсатында Италияның Eni S.p.A. ірі мұнай-газ компаниясында 6 ай бойы оқып, елге оралды. Оларды компанияның бас директоры Бекзат Абайылданов қабылдады.

Акционерлік қоғам мен «Еni» компаниясы арасында жасақталған екіжақты келісімшарт аясында мамандар геология, қауіпсіздік техникасы, экология, мұнай кенорнын игеру бойынша тәжірибе алмасқан. Ағылшын тілін меңгеріп, теориялық білім алған.

 Мұнайшыларға «Өзенмұнайгаз» АҚ басшысы кәсіпорынның бүгінгі ахуалын айта келіп, тыныс-тіршілігінен ақпар берді. Өз сөзінде Б.Абайылданов: «Компания сіздерді босқа оқытқан жоқ. Ірі мекемелерден көріп-түйіп, Өзен кен орнын игеруге тиімді қолдансын деген мақсатта жіберген болатынбыз. Барлық қызметкерлерді оқыта алмаймыз, әрине. Сондықтан өздеріңіздің әріптестеріңізге заманауи өндірісті айта жүріңіздер. Жұмысқа құлшыныспен кірісіп, табысты болыңыздар»,- деп сенім артты.

Топ арасынан Қайрат Аманов сөз алып:  «Италиядағы «Балджано» зертханасы, Равенна кен орны, Сицилияның Джела қаласындағы мұнай-газ зауыттарынан көріп, үйренгеніміз көп. Еуропада білім алып, ондағы мекемелердің өндірісімен танысып, біліктілігімізді арттыруымызға мүмкіндік жасағандарыңызға ризашылығымызды білдіреміз»-, деді.             

Жалпы мамамдардың шетелде біліктілігін арттыруы компания тарихында тұңғыш рет болып отыр. Осылай ірі серіктестермен білімдік байланыс жалғасын таба бермек.