Рус

Жаңалықтар

Мұнайшылар күніне арналған салтанатты жиын өтті

27 тамыз күні «Мұнайшы» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күніне орай салтанатты жиын өтті. Шараға Өзен кенорнын игеруге атсалысып жүрген жұмысшылар, ардагер-мұнайшылар, қала белсенділері қатысты.

Жиналғандарды алдымен Жаңаөзен қаласының әкімі Ә.Дауылбаев құттықтады. Ол өз сөзінде «Мұнай-газ саласының мамандары, ардагерлері! Сіздердің қаланы көркейту жолындағы істеріңіз бен даңқты еңбектеріңіз қай кезде де жас буынға ұран және Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, патриотизмнің өлшеусіз үлгі-өнегесі» дей келе қаланың өркендеуіне қосып жатқан үлестеріне алғысын білдіріп, кәсіби мерекемен құттықтады.

Өз кезегінде «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Ж.Нұғыманов: «Құрметті Өзен мұнайшылары, қадірлі әріптестер мен ардақты мұнай саласының ардагерлері! Қазақстанның басты байлығын халық игілігіне айналдыруда аянбай тер төгіп келе жатқан мұнайшылар қауымының қиын еңбегі қашан да құрметке лайық. Өзен кенорнының мұнайы 50 жылдан астам уақыт игерілуде. Осы аралықта кенорнын аяққа тұрғызу мен дамыту, жас мұнайшылар легін тәрбиелеуде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Саланың дамуына және өркендеуіне үлес қосып келе жатқан сіздердің ерен еңбектеріңізді халық ұмытпайды. Алда мұнай-газ кешенін одан әрі дамыту үшін жаңа міндеттер күтіп тұр. Сол табысты жолға бірге жетуде әлі тер төгу керек. Мереке құтты болсын!» - деді.

Шара барысында мұнай-газ саласының дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін майталман мамандар марапатталды. Мұнайшыларға  ҚР Энергетика министрлігінің төс белгісі, МО әкімі Е.Тоғжановтың, Жаңаөзен қаласының әкімі Ә.Дауылбаевтың «Алғыс хаты» және «Құрмет грамотасы» табысталды. Сондай бірқатар мұнайшы «НұрОтан» партиясы Орталық аппаратының «Алғыс хатымен» және «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ Естелік белгісімен марапатталды.

Мерекелік шараны республикаға танымал өнер жұлдызы Ғаділбек Жаңай мен жергілікті өнерпаздар әсем ән, мың бұралған бимен өрнектеді.

 

 

 

 

 

 

 

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы