Рус

Жаңалықтар

БАҚ өкілдері – «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамында

Қазақ мұнайының 120 жылдық, Өзен кенорнының 55 жылдық мерекелері аясында 14-тамыз күні «Өзенмұнайгаз» АҚ  жаңалықтарын республикалық, облыстық және жергілікті БАҚ өкілдеріне өндірістің бағыт-бағдарын, тыныс-тіршілігін таныстыру мақсатында ақпарат өкілдеріне арнап баспасөз туры  ұйымдастырылды. Шараға елордадан Тимур Бектұр, Серік Мамбетов, Яков Федоров секілді блогерлер, «Жас қазақ» газеті, informburo.kz, mangystaumedia.kz сайттары, облыстық және қалалық басылымдар өкілдері қатысты.

Алдымен журналистерді компанияның бас директоры Есен Өтеев қабылдап, кәсіпорынның тарихы мен даму стратегиясы, өндірісті ілгерілетуге бағытталған кешенді жоспарлар мен енгізілген жаңа жүйелер, жасалған модернизациялар жайында әңгімеледі. Дөңгелек үстелде журналистер тарапынан мұнай қоры, барлау жұмыстары, жергілікті экологияны қорғау, кадр жайында сауалдар жолданды.

Баспасөз туры алғаш мұнай фонтаны атқылаған №1 ұңғыманың жанындағы ескерткіш алдында ардагер мұнайшы Болатбай Қарамұрзаевпен кездесуден басталды.  БАҚ өкілдеріне №1 Мұнай газ өндіру басқармасына қарасты №83 топтық қондырғыға орнатылған МФНУ-6000  мультифазалы сорап жұмысы, Мұнай дайындау және өндіріске қызмет көрсету басқармасында салынып жатқан көлемі 20 мың м3 Су тұндыру қазандығының құрылыс жұмыстары таныстырылды. Сондай-ақ, журналистер Жерасты жабдықтарын диагностикалау және жөндеу цехында, №2 МГӨБ №12 Мұнай-газ өндіру кәсіпшілігінің тұрмыстық-шаруашылық кешенінде, Мұнай өнеркәсібі құралдарын және телекоммуникацияларды жөндеу басқармасында болды. БАҚ өкілдерінің назарына Кайдзен жүйесінде өндіріске енгізілген жаңалықтар ұсынылды.

Келген барлық қонақтарға кешкілік мерекелік дастархан жайылып, «Керуен» тобының өнерпаздары өнер көрсетіп, марапаттар тапсырылды.

Бұл жөніндегі толығырақ ақпаратты «Өзен» корпоративтік газетінің компанияның 55 жылдық мерейтойына орай шығарылатын арнайы санынан оқуыңызға болады.

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы