Рус

Жаңалықтар

«Ұлы дала дидары» атты тарихи танымдық экспедиция өтті

Мемлекет қорғауына алынған он бір мың тарихи ескерткіші бар археологиялық қорық, мыңдаған тасқа салынған сурет-дастандар, жерасты мешіттері, ерте дәуірдегі қалашық орындары, әскери бекіністер мен шар тәріздес алып тастар тек қазақстандықтардың ғана емес, шетелдік туристердің де қызығушылығын тудырып отыр. Сан ғасырлық тарихы бар табиғи жәдігерлерімізді мұнайшылар арасында кеңінен насихаттау мақсатында Қазақ мұнайының 120 жылдық және Өзен кенорнының 55 жылдық мерейтойлары аясында «Өзенмұнайгаз» АҚ өз қызметкерлеріне арнап үш күндік экспедиция ұйымдастырды. 

«Ұлы дала дидары» деген атаумен 12-ші тамыз күні бастау алған экспедицияда барлығы 162 қызметкер Отпан тау – Шерқала – Қызыл қала – Көгез бағыттары бойынша Маңғыстаудың тарихи жерлерін аралады. 
Мұнайшылардың танымдық сапары «Адай Ата-Отпан тау» тарихи этно-мәдени кешеніндегі «Ақсарай» мұражайын көріп, тау биігіне көтерілуден басталды. Кейін Шерқаланың әсем табиғатын аралап, Шетпе аулында орналасқан X-XIII ғасырлардың археологиялық ескерткіші болып табылатын Қызылқала қалашығына табан тіреді. Жолаушыларды Шерқала тауы, Ақмыш тарихымен Маңғыстау облысы мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры, өлкетанушы Бекболат Төлегенұлы таныстырды. Көгез этноауылында қорытындыланған сапарға Есен Өтеев бастаған кәсіпорын басшылығы қосылды. Жиналғандарды қазақ мұнайының 120 жылдық, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 55 жылдық мерейтойларымен құттықтаған компания басшысы Есен Оғланұлы: 
- Маңғыстау жері ықылым замандардан бері құпия сырымен таңғалдырып, тамсантып келе жатқан киелі өлке. 
Экспедицияны ұйымдастырудағы мақсатымыз - осынау тарих пен байлықты, рухани құндылықтарды мұнайшыларға таныстыру болды. Себебі, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрмет – елінің, жерінің кешегісі мен бүгінін жете таныған адамда берік қалыптасады, - деді.

Мұнайшыларға арнап жайылған ақ дастархан басында қонақтар үшін атыраулық ақын Шалқарбай Ізбасаров пен ақтаулық ақын Райымбек Түгелов жырдан шашу шашты.


АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы