Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өткен іскер әйелдер мен жас көшбасшылар форумына «Жас көшбасшы әйел» бағытында Маңғыстау облысынан делегат болып қатысқан әріптесіміз Сәнім Мұратова «Жастар көшбасшысы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қолынан Алғыс хат алды.
Сәнім әріптесіміз бұл жетістікке өзінің мігірсіз еңбегімен жетті. Ол №3 МГӨБ мұнай-газ операторы болып жұмыс жасап жүр. Өзі жас мамандар кеңесінің белсенді мүшесі. Армрестлинг спортымен шұғылданып, дүбірлі додаларда топ жарып, жүлделі орын иеленіп жүр. Қаламыздағы «Жаңаөзен қайырымды жандар» ерікті тобының жетекшісі бола жүріп, бүгінгі күнге дейін тұрмысы нашар 3 отбасыға баспана алып берді. Ол жүзе біледі, мотоцикл мен УАЗ көлігін ұршықтай үйіреді. Жайдарманға да қатысады. Керек десеңіз, тіпті аңға да шығады...
Жайбарақаттылық жаратылысына жат, алға қойған мақсаттарына жету үшін кездескен кедергілерді аяғымен теуіп, маңдайымен бұзып-жаратын, онда да қара басының қамы үшін емес, қамкөңіл жандардың бақыты үшін күресіп жүрген Сәнімге Алланың нұры жаусын! Биіктерден көріне бер, аяулы әріптес!